Неге 6 июль????
Осы күн менің өмірімде естеліктерге толы…
Біріншіден, бұл күн,менің ең жақсы көретін сіңлім Айгүлдің туған күні…Айкөн,Аека,Айгөлек…Осы өмірде мен үшін ата-анам,жанұяммен бір қатарда тұрған адам.Әкемнің 58 ,ал анамның 46 жасында дүниеге келген ол, кенже-кенже дегенге ,тіпті кеш қыз болды.Бірде 23 жасында мен сұрадым:*Айкөна, біреумен жүресің бе?*деп. Мен Өскеменде,ол Алматыда болған… *Мен әлі өмірімде ешкіммен жүріп көрген жоқпын* дегені. Ешқашан өтірік айтпайды, біреудің ала жібін аттамаған,өсек-мөсек деген нәрседен алыс,ойын адамның бетіне тік айтады.Бүкіл біздің әулетте Айгүл десе,барлығы ішкен асын жерге қояды.Барлық туыстар жақсы көреді. Бірақ бағы ашылмады….тұрмысқа да кеш шығып еді, жолдасы 2,5 жылдан кейін, жүрек ауыруынан қайтыс болды….Баласы да жоқ.Бірде маған жылады: *Құдай бала да бермеді* деп,өзімше жұбатқан болдым:*Менің қыздарым сені ешқашан тастамайды, жыламашы * деп.
Тәтем ауылға бір барғанда айтты:*Ерте кезде,кенжеде не құт,не жұт қалады деуші еді,алла қолдап, бағы ашылса екен* деп.Әдемі,үй жұмысына да керемет, ал гитарамен ән айтқанда, кейбір тележұлдыздардан кем айтпайды,машина да айдайды…
Туған күніңмен,сүйікті сіңлім! Өз сыңарыңды кездестіруіңді тілеймін, балаң көп болсын,қайғы- уайымың жоқ болсын!
Екіншіден, осыдан 17 жыл бұрын ағам Рахымжан қайтыс болды.Аллаға да адамдардың жақсысы керек дейді ғой…ауылда алғашқы болып көп қабатты үй салды,бірінші болып трактор, мотоблок алды, жалпы жаңа нәрсеге құмар, креативті еді ағашым…Артында 5 және 6 жаста қалған екі қызы,құдайға шүкір,жақсы оқып, ЖОО бітіріп, өздерінің теңдеріне тұрмысқа шықты,қазір бір-бір ұлдары бар.Жеңешем туралы айтсам,алматылық болса да,ағамның түтінін өшірмей,ата-анамның қасында тұрды. Сөз айтқан кісі көп болса да, тұрмыс құрмады. Бізбен болдыАида тұрмысқа шыққанда анам керемет сөздер айтты.*Асылым,алтыным,күнім,Несіпті!Ұлымның түтінін өшірмей,екі қарғасын өсіріп баққаныңа мың да бір рахмет, алла риза ,мен риза.Атаң да қайтыс боларда саған батасын беріп еді ғой,келші құлыным қасыма, аналық батамды берейін!* деп. Жыламаған адам қалмады ғой деймін сонда….
Үшіншіден,бұл күн,бақытты,жайдары жастық шағымыздың куәсі,Жәкеңнің жақын досы-Арманның туған күні!
Төртіншіден, осы күні Жәкежан екеуміз танысып едік…
Міне,енді осы күн Астананың туған күні болды! Мерейтойыңмен,Астана!Еліміз аман,жұртымыз тыныш болсын!
Бір оқиға жайлы….
Менің сіңлім бар, айтқан сөздері арамызда *қанатты*сөз болып кеткен…Бірде маған телефон соғып,өмірге назын айтты,арамызда мынандай диалог болды:
-Ақша аз,машинаны соғып алдым,жұмыста бір қиыншылықтар болып тұр.
-Ертең *Диско 80-х*қа барып билеп келейік онда
-Жоқ, мен *режим экономиядамын* және диетада отырмын.
Ертеңінде көшеде бір топ баламен ұлын кездестіріп едім,ол айтты:* сыныптастарымды кафеге апардым,мамам 300 доллар ақша берді* деп.Динараға звондап:*Есің дұрыс па,кеше ғана жылап едің ғой*десем,*Қойшы,Бақытгүл, жалғыз ұлымның 365 күнде бір келетін туған күнін атап өтпесем, неменеге жер басып жүремін…* дегені.
Осы сөздер біздің өміріміздің айнасы тәрізді. Балаларымыз өсіп-жетіліп,біз шықпаған шыңдарға шығып, біз алмаған асуларды алса,сірә, біздің зая өмір сүрмегеніміз…Осылардың табанына кірген тікен,маңдайыма кірсін деген қағидамен жүрген жайымыз бар.
Осыдан біраз жыл бұрын бір тойда болдық. Күйеу жігіт те,қалыңдық та әдемі,үріп ауызға салғандай…Асаба өлеңдетіп жаңа болып жатқан құдаларды *төс қағысуға* ортаға шақырды. Жігіттің ата-анасын жақсы танимыз,ұйып отырған,берік жанұя, билеп шықты сахнаға, ал қыз жақ біраз тосылып қалды, себебі,қыздың әке-шешесі айырылысқан,тойға әкесі әйелімен,шешесі күйеуімен келіпті. Қайсы шығарын білмей,абдырып қалған түрлері бар. Сонда тәп-тәтті,сұп-сұлу қалыңдық , әп-әдемі көздерін жасырып,ұялып,төмен қарағанда….ішім әлем-жәлем болып кетті. Сонда өзіме уәде бердім,қандай заман туса да,менің жүрегім кеудемде соғып тұрғанда қыздарым мен үшін не Жәкең үшін ұялмайды деп.
*Ұлы сөздің ұяты жоқ* дейді ғой қазақ халқы, сол кезде Жәкең нағыз жігіт болып *піскен * кезі ғой, анда-санда *налевоға*кетіп қалатын.Көп құрбыларымыз осы хакінде ажырасып кетті,шыдамай. Кейде үйге келмей қойғанда, ызам келіп,енді бірге тұрмаймын десем, сол қалыңдықтың мөлдіреген көздері есіме түсіп кететін…
МАЛИКА
Малика-менің көзімді ашып көрген, аузымды ашып сүйген тұңғышым.Менің қуанышым мен мақтанышым.Қазір 18-де,бірақ ерте есейді,жанұямызда бір мәселе шешу керек болса,онымен ақылдасып,айтқанына құлақ асамыз.Ағылышын тілін оқытатын арнайы мектепті экстернмен бітіріп,Қытайда бір жыл тіл үйреніп келді.Қазақша сайттарда отырып,қазақша жазып үйреніп алды. Алғыр. Бірақ,қазақша сөйлегенін естісеңіз,күлесіз…ағылышынша акцентпен сөйлейді. 
Спорттық бимен 12 жыл айналысады.Облыс чемпионы,Республикалық сайыстардың жеңімпазы,Қытай чемпионатының күміс жүлдегері.Унмверситетте оқуымен қатар,тренер болып өз клубында жұмыс істейді.
*Таудай талап бергенше,бармақтай бақ берсін* дейді қазақ,Маликамның жолы ақ болып,жетістіктерге жете берсе екен….
АЙДАНА ТУРАЛЫ
Халқымызда бір әдемі мақал бар,*Бала көңілдің гүлі,көздің нұры*деген. Менің Айданам біз қалаға көшіп келгеннен кейін дүниеге келді.Бірнеше рет УЗИға барғанда ,қытай,халық календарьларымен санағанда ұл бала болады деген еді.Қыз болды,өзіміздің Айдана!
Мен екі қызымды салыстырамын да,таң қаламын! Екеуі екі бөлек!Үлкенім-пысық,еңбекқор,жаңашыл,өзі дұрыс деп санаса,ешкімге дес бермейді. Ал Айдана ерке болған соң ба…оған бәрібір.Не берсең киеді,не пісірсең ішеді,барлық адам оған дос,1 жастан бастап 20 жастағы адаммен де бірден тіл табысады,біреу былай қате десе ,олай істемейді. Бір сөзбен айтқанда амбиция деген жоқ, лидер емес,ілбіп елдің соңында жүретін…Мен мектептегі психологқа да бардым,неге ол ештемеге ұмтылмайды,түкпен айналысқысы келмейді деп….Басында спорттық биге бердім,ұнамады. Сурет жақсы салады, көркем мектепке бердім,барғысы келмеді де тастап кетті.Акробатикаға барамын деген соң, бәрін тастап,сонда апардым.Дауысы да жап-жақсы, гитараға бердім, музыкалық мектепке. Сонда да *оянбады*.
Бірде теледидар көріп отырсақ,мода көрсетіп жатыр екен…қызым бірінші рет:*Мама ,мен осы қыздар сияқты подиумда жүргім келеді*дегені. Ертеңінде,*Флер* модельдік агентствосына звондап ,Айдананы жаздым.Содан бастап қызым өзгерді.Жүрісінде де бір әдемілік пайда болды,бұрынғыдай киімді де қалай болса солай кигенді қойып,талғап киетін болды(оларда сценическое мастерство,подбор одежды деген сабақтар өтеді),тіпті біздің столдағы алапес скатертьті алғызып,ағын жапқызды.Столға сервировка жасайтын болды. *Этикет* деген сабақта үйренгендерінің барлығын үйде бізге үйрететін болды.Шынымен білмейтініміз көп екен…
Ал жақында *Жұлдыздар* деген облыстық байқауда *Мисс Модель* деген атаққа ие болды.Бірден сабағы да жақсарды,сыныпта да беделі өсті,жақын достар пайда болды.Сүйтіп,ұзақ уақыт *ұйқыда* болған біздің кішкене Айданамыз *оянды*.
МЕНІҢ ЖАНҰЯМ….
Өзім туралы жазбақ болып отырдым да…ол райымнан қайттым. Асқар таудай,өмірдің қызығы мен шыжығында да жанымыз бір, жолдасым Жакежан,өмірімнің гүдері екі қызым,екі құлыншақтарымсыз мен кіммін деген ой келді.Біреуден ілгері,біреуден кейін өмір сүріп,ағарып алдыға түспей,қарайып артта қалмай жүрген жандармыз.Абай атамыз айтқандай: *Адамның бір қызығы бала деген…* Қыздарымыз өсіп, ержетіп,заманымызға сай білім алып, біз жетпеген жетістіктерге жетсе,жақсы отау құрып,ел мақтаған келін аталса,үлкенді сыйлап, кішіге апа болса,менен бақытты адам болмас еді. Иншаллаһ,оны да көрерміз.Айтайын деген ойым көп-ақ еді…тіл жетпейді. 
АНАММЕН….
Кеше анамды ауылдан бір мерейтойға алып келдік…ақырғы кезде кәртейіп кетті.Той болып жатқан ресторанға келіп,машинадан түскен соң,қызым екеуміз екі жағынан демей беріп едік:*Біреуің ғана болысыңдаршы,жас кезімде өстіп шоқалақтап,екі жағынан екі кісі болысып,сонда да әзер жүретін кемпірлер неге үйінде отырмайды екен деп ойлаушы едім* деп бізді бір күлдіріп алды.Екінші қабатқа көтерілгенше ентігіп қалды.Үлкен әулеттің ең сыйлы кісісі ғой,бірінші сөз анама берілді.Той екі тілде өтіп жатқан,әй білмеймін,кім түсінді,кім түсінбеді,ол кісінің айтқан әр сөзі 10 карат бриллианттан артық.Өскеменнің экс әкімі,менің ағам,Алматыдан,Астанадан қонақтар ертіп әкелген екен,сол кісілер келіп,анамның қолынан сүйіп,орнына апарып тастады.Біздің Өскеменде сөз құдіретін түсінетін кісі аз ғой,сол қынжылтады. Абайдың бір сөзі бар еді ғой:*Қайран сөзім қор болған,Тобықтының еліне* деген…
Менің анам,87 жаста,1922 жылы туған. Ал айын білмейді,*алғашқы қарда туыппын*деп…Менің туған күнім 6 ноябрь болғандықтан,екеуміз бірге тойлаймыз.*Саршаян* екені айдан анық,себебі ер мінезді,өз сөзінің иесі, ешбір қиындықтан қорықпайды,өжет…Бірде мен ауылға барып,үй бітпей жатыр,Жәкең командировкадан көзі ашылмайды,Маликаны Қытайға жіберуге мүмкіндік жоқ, жұмыста еңбекақы төлемейді, өз ісім де жүрмей жатыр деп тәтеме айта бастап едім,*қой,ондайыңды, бұдан да жаман күнде тойға барғанбыз,бұдан да жаман күнде,жоқ нәрсені бар қылғанбыз,көтер еңсеңді*деп,мені бір серпілтіп тастады.Ауылға бір барып келсем,1 аптаға заряд алып келемін осылай…
ОТАН ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
Қоғамның негізі-отбасылық өмір.Сол елді мекендейтін жанұялар мықты болса, мемлекет те мықты болады деп оқушы едік біздер, Кеңес Үкіметі кезінде пролетариат көсемі сөзін . Шынымен ұл ержетіп,қыз бойжетіп,заманына сай жанұя құрып,ата-аналарының салған дәстүрлі жолымен,шаңырақ көтеріп жатса,нұр үстіне нұр болар еді ғой.Құда түсіп, құйрық бауыр жесіп,жастарға заманына сай той жасап,немере сүйіп,мәре-сәре болып жатқанға жетер дүние бар ма??
Бірақ қазіргі заманда,кәрі қыз,сүр бойдақ болып,үйленбей қалған не сүйіп қосылған жарынан айырылып қалған жесір әйелдер қоғамымызда өте көп.Ары бармай-ақ қояйын,өз әулетімізде де ондай қыз,жігіттер баршылық. Қазақта *жеңгетайлық* деген бар ғой.Басында өз туыстарым жайлы ойлап, кім кіммен жарасып кетер екен,кімді кіммен таныстырса дұрыс болар еді деп,біраз *жеңгетайлықпен* айналасып жүрдім.Кейінірек, Майра есімді дос келіншек екеуміз ойланып-толғанып,осы мәселемен кеңірек,Республика көлемінде айналыссақ қалай болар екен деген ойға кеттік….Мына интернет дамыған заманда, талай жақсы іс тындырып,көп адамдардың сауабын алатынымызды да ойладық.*ШАҢЫРАҚ* деп аталатын неке агенттігін ашуды жөн көрдік. Біздің клиенттеріміз,30 дан асқан қыз бен жігіттер болады….
Өтініштерді қабылдау,қарау ережелерін кейінірек қосуды жөн көрдік.Пікірлеріңізді білдерсеңіздер екен…
Алғашқы хат
Ғаламторда, әсіресе қазақ тілді форумдар мен блогтардың ашылғанына қуанып, оқып жүрсем де,өзім блог ашайын деген ой маған келмепті. Жақында бір үлкен іс бастамақ болып,көп ойланып-толғанып,тәуекелге бел байладым.
-
Соңғы
-
Сілтемелер
-
Мұрағат
- Қазан 2009 (2)
- Шілде 2009 (8)
- Маусым 2009 (9)
-
Категориялар
-
RSS
RSS жазулар
RSS пікірлер






