Bahtgul65's Blog

ОЙЛАРЫМ….

Ана бақыты:)))

13-іне қараған түні,ұйықтай алмадым.Өткен-кеткен өмірім көз алдымнан кинолентадай өтті.13 Наурыз менің алғаш ана болған ,қыздәурен шағымнан келіншек дәуіріне аяқ басқан күнім ғой.Бірақ міне 19 жыл өтсе де,көкірегімде барлығы сайрап тұр,дәл бір кеше болғандай барлығы.
Жәкең мені босануға ауылға ата-енем үйіне әкеліп тастады.Бірақ менде біраз патология болып,дәрігерлер емханаға 1 ай бұрын жатқызып тастады. 12 наурызда Жәкежан Алматыдан келіп,мені емханадан сұрап алды, бірақ үйге жетіп үлгермедік,менің толғағым басталды.Ал сол уақыттан есептегенде 20 сағаттан кейін ғана босандым.Түні бойы әкелген келіншектер босанып жатыр,мен болсам әлі қиналудамын. Кейін Өскеменнен санавиация шақырып,кесерево жасаймыз деген кезде,алла болысты ма,әлде аруақтар қолдады ма,орысша айтқанда *с горем пополам*,әкелдім ғой қызымды дүниеге.Баланы көріп үлгермей, шаршағаннан,талып қалыппын.Сөйтіп,мен ессіз жатқанда, әкесі қызын менен бірінші көріп қойыпты.
Кешке жақын өз өзіме келіп,кішкенені көрсетулерін сұрадым. Алып келді,дәл сол кезде бүкіл бойымды бұрын болмаған сезім баурап алды.30 минуттай бетіне қарап отырыппын.
Есім бергеніміз де қызық. Көп аттардан Малика мен Айсұлуды таңдадық. Ақыры Малика болды ғой. Жәкең Айсұлу деп атап,сұлу болмай кетсе қайтеміз деген аргумент айтты. Эх, жастық шақ десеші!
Маликаның достары көп,орыс,қазақ,қытай,япон дейсің бе,таң атпай телефон шалып,құттықтап жатты.Үйге барлық туыстар,достарымыз келді. Шын бақыт деген осы шығар!
Мен Маликаға ылғи айтамын: Қызым,саған әкең екеуміз қолдан келген бар жақсылықты жасадық,сенімен бірге тағы бір рет орта мектепті бітірдік(олай дегеніміз күнделікті сабақ тексердік қой:)тілдер оқыттық,5 жасыңнан күн сайын биге тасыдық,не керек дегеніңді әпердік,соның бәрі тең құрбыңның алды болсын дегеніміз деп.Орысша айтқанда,*всю душу вложили*))) Материалды жағына қарағанда, рухани бергеніміз көп.Біздің іске аспай қалған амбициямыз бен армандарымызды,қыздарымыз орындар,бірақ Айданаға Маликаға берілген рухани дүниенің жартысы да берілмеді. Бірақ тәрбиелеу принциптарымыз біреу болып,алдында үлгі болар апайы болғасын ба,әлде біз бар білгенімізді Маликаның миына артығымен құйғандықтан ба,әлде жас ұлғайған сайын сол бір ұмтылыс бәсеңсиді ма білмедім…
Мен қызымның жарқын болашағына сенемін.Өз өмірін бақытты етуге ақылы баршылық. Соған тәуба деп,кішкене құлыншағымның дені сау болып,біз алмаған асуларды алса, өз бақытын тауып,қиыншылықтардан мүдірмей өтсе деймін!

Наурыз 14, 2010 Жариялаған: | Бақыт, жанұя, махаббат, қуаныш, өмір | 13 пікір

Неге 6 июль????

Осы күн менің өмірімде естеліктерге толы…

Біріншіден, бұл күн,менің ең жақсы көретін сіңлім Айгүлдің туған күні…Айкөн,Аека,Айгөлек…Осы өмірде мен үшін ата-анам,жанұяммен бір қатарда тұрған адам.Әкемнің 58 ,ал анамның 46 жасында дүниеге келген ол, кенже-кенже дегенге ,тіпті кеш қыз болды.Бірде 23 жасында мен сұрадым:*Айкөна, біреумен жүресің бе?*деп. Мен Өскеменде,ол Алматыда болған… *Мен әлі өмірімде ешкіммен жүріп көрген жоқпын* дегені. Ешқашан өтірік айтпайды, біреудің ала жібін аттамаған,өсек-мөсек деген нәрседен алыс,ойын адамның бетіне тік айтады.Бүкіл біздің әулетте Айгүл десе,барлығы ішкен асын жерге қояды.Барлық туыстар жақсы көреді. Бірақ бағы ашылмады….тұрмысқа да кеш шығып еді, жолдасы 2,5 жылдан кейін, жүрек ауыруынан қайтыс болды….Баласы да жоқ.Бірде маған жылады: *Құдай бала да бермеді* деп,өзімше жұбатқан болдым:*Менің қыздарым сені ешқашан тастамайды, жыламашы * деп.
Тәтем ауылға бір барғанда айтты:*Ерте кезде,кенжеде не құт,не жұт қалады деуші еді,алла қолдап, бағы ашылса екен* деп.Әдемі,үй жұмысына да керемет, ал гитарамен ән айтқанда, кейбір тележұлдыздардан кем айтпайды,машина да айдайды…
Туған күніңмен,сүйікті сіңлім! Өз сыңарыңды кездестіруіңді тілеймін, балаң көп болсын,қайғы- уайымың жоқ болсын!

Екіншіден, осыдан 17 жыл бұрын ағам Рахымжан қайтыс болды.Аллаға да адамдардың жақсысы керек дейді ғой…ауылда алғашқы болып көп қабатты үй салды,бірінші болып трактор, мотоблок алды, жалпы жаңа нәрсеге құмар, креативті еді ағашым…Артында 5 және 6 жаста қалған екі қызы,құдайға шүкір,жақсы оқып, ЖОО бітіріп, өздерінің теңдеріне тұрмысқа шықты,қазір бір-бір ұлдары бар.Жеңешем туралы айтсам,алматылық болса да,ағамның түтінін өшірмей,ата-анамның қасында тұрды. Сөз айтқан кісі көп болса да, тұрмыс құрмады. Бізбен болдыАида тұрмысқа шыққанда анам керемет сөздер айтты.*Асылым,алтыным,күнім,Несіпті!Ұлымның түтінін өшірмей,екі қарғасын өсіріп баққаныңа мың да бір рахмет, алла риза ,мен риза.Атаң да қайтыс боларда саған батасын беріп еді ғой,келші құлыным қасыма, аналық батамды берейін!* деп. Жыламаған адам қалмады ғой деймін сонда….

Үшіншіден,бұл күн,бақытты,жайдары жастық шағымыздың куәсі,Жәкеңнің жақын досы-Арманның туған күні!

Төртіншіден, осы күні Жәкежан екеуміз танысып едік…

Міне,енді осы күн Астананың туған күні болды! Мерейтойыңмен,Астана!Еліміз аман,жұртымыз тыныш болсын!

Шілде 6, 2009 Жариялаған: | Бақыт, махаббат, қуаныш, өмір | 10 пікір

Бір оқиға жайлы….

015b0a658903ce0bfa041682b5579989

Менің сіңлім бар, айтқан сөздері арамызда *қанатты*сөз болып кеткен…Бірде маған телефон соғып,өмірге назын айтты,арамызда мынандай диалог болды:
-Ақша аз,машинаны соғып алдым,жұмыста бір қиыншылықтар болып тұр.
-Ертең *Диско 80-х*қа барып билеп келейік онда
-Жоқ, мен *режим экономиядамын* және диетада отырмын.
Ертеңінде көшеде бір топ баламен ұлын кездестіріп едім,ол айтты:* сыныптастарымды кафеге апардым,мамам 300 доллар ақша берді* деп.Динараға звондап:*Есің дұрыс па,кеше ғана жылап едің ғой*десем,*Қойшы,Бақытгүл, жалғыз ұлымның 365 күнде бір келетін туған күнін атап өтпесем, неменеге жер басып жүремін…* дегені.
Осы сөздер біздің өміріміздің айнасы тәрізді. Балаларымыз өсіп-жетіліп,біз шықпаған шыңдарға шығып, біз алмаған асуларды алса,сірә, біздің зая өмір сүрмегеніміз…Осылардың табанына кірген тікен,маңдайыма кірсін деген қағидамен жүрген жайымыз бар.
Осыдан біраз жыл бұрын бір тойда болдық. Күйеу жігіт те,қалыңдық та әдемі,үріп ауызға салғандай…Асаба өлеңдетіп жаңа болып жатқан құдаларды *төс қағысуға* ортаға шақырды. Жігіттің ата-анасын жақсы танимыз,ұйып отырған,берік жанұя, билеп шықты сахнаға, ал қыз жақ біраз тосылып қалды, себебі,қыздың әке-шешесі айырылысқан,тойға әкесі әйелімен,шешесі күйеуімен келіпті. Қайсы шығарын білмей,абдырып қалған түрлері бар. Сонда тәп-тәтті,сұп-сұлу қалыңдық , әп-әдемі көздерін жасырып,ұялып,төмен қарағанда….ішім әлем-жәлем болып кетті. Сонда өзіме уәде бердім,қандай заман туса да,менің жүрегім кеудемде соғып тұрғанда қыздарым мен үшін не Жәкең үшін ұялмайды деп.
*Ұлы сөздің ұяты жоқ* дейді ғой қазақ халқы, сол кезде Жәкең нағыз жігіт болып *піскен * кезі ғой, анда-санда *налевоға*кетіп қалатын.Көп құрбыларымыз осы хакінде ажырасып кетті,шыдамай. Кейде үйге келмей қойғанда, ызам келіп,енді бірге тұрмаймын десем, сол қалыңдықтың мөлдіреген көздері есіме түсіп кететін…

Шілде 4, 2009 Жариялаған: | Бақыт, махаббат, сезім, қуаныш, өмір | 14 пікір

МАЛИКА

Изображение 096ф

Малика-менің көзімді ашып көрген, аузымды ашып сүйген тұңғышым.Менің қуанышым мен мақтанышым.Қазір 18-де,бірақ ерте есейді,жанұямызда бір мәселе шешу керек болса,онымен ақылдасып,айтқанына құлақ асамыз.Ағылышын тілін оқытатын арнайы мектепті экстернмен бітіріп,Қытайда бір жыл тіл үйреніп келді.Қазақша сайттарда отырып,қазақша жазып үйреніп алды. Алғыр. Бірақ,қазақша сөйлегенін естісеңіз,күлесіз…ағылышынша акцентпен сөйлейді. IMG_8849-1

Спорттық бимен 12 жыл айналысады.Облыс чемпионы,Республикалық сайыстардың жеңімпазы,Қытай чемпионатының күміс жүлдегері.Унмверситетте оқуымен қатар,тренер болып өз клубында жұмыс істейді.
*Таудай талап бергенше,бармақтай бақ берсін* дейді қазақ,Маликамның жолы ақ болып,жетістіктерге жете берсе екен….

Маусым 29, 2009 Жариялаған: | Бақыт, қуаныш | 12 пікір

   

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.