Bahtgul65's Blog

ОЙЛАРЫМ….

Тағы да күз….


Келіп қалдың ба,кәрі күз?Суығыңмен,жауыныңмен,мұңыңмен.Біз жаздың ыстығына,күннің шуағына,даланың көркіне,гүлдердің әдемілігіне мәз болып жүріп байқамай қалыппыз…
Бірақ бүгінгі күн шуғын төгіп тұр. Әлі жылы,жапырақтар ала-құла болып,көздің жауын алады,бірақ ертең болатын суық бұрынғыдай көңілденіп,шаттануға жіпсіз байлап,жібермейді.Ылғи жаз болып неге тұрмайды деп ойлайсың.Әй,бірақ,солай болған күннің өзінде күзгі жаңбыр мен ақша қарды сағынарым анық.Үйде жалғыз отырмын,әйтпесе пәлсапа соғып отыратын уақыт қайда? Вордпресс ашылғаны жақсы болды,іштегі жатқан ойлармен бөлісуге.Бұрынғыдай қаламмен күнделік жазатын заманның уақыты өткен.Ал интернетке кірген сайын 5-6 шумақ жаза салу оңай.Шетелдіктер қит етсе психологтарына барып мұңын шағып жеңілдесе,біз жақта ерлер бірігіп арақ ішіп,әйелдер жиналып,бір-бірін жамандап ләззат алады деп бір жерден оқыған едім.Араласатын,тілектес адамдар көп болса,сырымды ешкімге айта алмаймын.Сондықтан болар,ешкімге бағытталмаған осындай жазбалар,жеңілдік сыйлайтын сияқты.
Кеттім.Маған жазғы киімдерді,аяқкиімдерді жинап тастау керек.10-15 банка салат консервілеу керек.Жексенбілік (1,2,3+пирог не тәтті-дәмді нәрсе)тамақ пісіру керек:)))Көңілсізденуге уақыт жоқ)))))

Advertisements

Қыркүйек 30, 2012 Posted by | Санатталмаған | Пікір қалдыру

Амандасып кетейін

Бүгін әдеттегіден ерте тұрдым,сол күйбің тірлік қой баяғы.Кеше құдықтың моторы күйіп кетіп еді,барлық қалыптасқан тірлік өзгеріп сала берді.Өзім бір күйгелек адаммын,түнде 3-4 рет оянып,ұйықтай алмадым. Бір оянсам сағат таңғы 5 екен,қой енді «шортымның да» ұйқысы болмас деп,самауырға су қайнаттым,құймақ құйдым.Білдім,таңертең үйдегілер кішкене дискомфортқа бірталай қиналатынын:) Айтқандай Айдана шықты,мен сонда душқа түспеймін бе деп)Жакежан даладағы умывальниктің айнасы қайда кеткен деп біраз «лекция» оқыды,жалғыз Нұржан: мама,түк етпейді,түсте,Алла жазса алармыз,бәрі орнына келер деп жұбатты.Нұржан туралы жазған едім.Тумаса да туғандай болған ұлым.Қазір үйде,тек 7 қарашада бөлек кетеді,үйленгелі жатыр.Вордпресстің ашылғаны шын болса,тойдан репортаж бола жатар.
Сол біреуден ілгері біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Малика Түркияда,бірінші еңбек демалысын алған.Нұржанның тойымен қабаттасып жатқандықтан,көп ойы іске аспайын деп тұр.Келесі демалысыңда бүкіл жер шарын аралаймын десең де қарсылығымыз жоқ,тек осы жолы қинама десек те,2-3 елге баратын ойы бар.Барсын,көрсін,кейін үйлі,балалы-шағалы болғанда мұндай мүмкіндік болмас.
Көптен ештеме жазбаған соң ба,біртүрлі икемделе алмай отырмын:)Мені танитын блогерлерге көп сәлем.

Қыркүйек 27, 2012 Posted by | Санатталмаған | Пікір қалдыру

Вордпресс ашылып тұр ма?

Мен қателестім бе әлде шынымен вордпресс ашылып тұр ма? Өз көзіме өзім сезбей отырмын.Жарнамадан кеткелі бұрынғыдай интернетте уақыт өткізу деген жақсылықтар көзден бұлбұл ұшқан.Бірақ…көптен бері осы блогқа жазылған азды-көпті дүниелерді басқа бір жерге көшіріп алып,ары қарай жалғастырсам ба деп жүрген едім…тамаша болды ғой.

 

Шілде 2, 2012 Posted by | Санатталмаған | 1 пікір

ЖАҢА ЖЫЛ ҚҰТ ӘКЕЛСІН!

Жаңа жыл балалық шақтан келе жатқан ғажайып мейрам ғой! Жасым бәленшеге ))) келсе де, мейрамға әдеттегідей даярландым:2 күн дүкеннен азық тасыдым(5 күн демалыс аз емес қой),көйлек тіктірдім,Айдананың елкасына бардым,туғандарға сыйлықтар әзірледім…
Біз 10 бала болдық қой жанұямызда ,ол кезде қазіргідей молшылық жоқ.Бірақ менің ата-анам осы мейрамды керемет қылып өткізетін. Әкем 28-29 күні,атын жегіп,шанамен шырша кесіп әкелетін.Оны бар бала бірігіп әшекейлейміз…Бәріміз отырып бәленбай дана пельмен жасаймыз.Мол етіп дастархан жаямыз.Концерт қоямыз.Сонда ағаларым қыздармен вечер жасайды,бірақ 12-ге дейін оларды ешқайда жібермейтін.Себебі біздің жанұяда ешкім бұзбайтын бір қағида бар: Жаңа жылды бәріміз БІРГЕ қарсы аламыз деген.Сонда келген 1 жыл бойы бірге,аман боламыз-мыс.
Қанға сіңіп кеткен әдет болғасын ба,мен жылда Жұмағұловтар әулетін үйге жинаймын.Аллаға шүкір,бәріміз аман-саумыз,алыстағы Атырауда қайнағамның үйінде қос немересі дүниеге келді.Көбейіп,көркейіп жатқан жайымыз бар.

Интернетке кіруге қазір көп жағдай жоқ,және 2 қыз тіпті бермейді:)))
Блог оқуға да уақыт жетпейді,кешке біраз отырамын ба десем,ұйқым келіп тұрады…кәрілік те келіп қалған сияқты)))
Жаңа Жыл құтты болсын,достарым.Ескі жылда қиыншылық,бір көңілсіз сәттер болса,ол Жаңа келген 2011 жылдың босағасында қалсын.Келген жыл жақсылық,баршылық,денсаулық пен бақытқа толы болсын!

Қаңтар 5, 2011 Posted by | Санатталмаған | 1 пікір

Бүгін менің туған күнім, ой-пәлі-ай!


Бір жерден оқып едім,Алла тағала адамға 3 рет жастық шақ сыйлайды екен деп :біріншісі өз жастық шағы,екіншісі-шын махаббатқа жолыққанда,үшіншісі 100 жасқа толғанда.Екі жастық шағым өтіпті:))),үшіншісі,керек жоқ.
Артыма қарап,осы өмірде қандай жетістікке жеттім,осы межеде қалуым керек пе,не тағы да алға қарай ұмтылуым керек пе,өкініш не уайымым бар ма,бір сөзбен айтқанда БАҚЫТТЫМЫН ба,жоқ па деп толғанғым келді бүгін.
БАҚЫТТЫМЫН,оған сөз жоқ. Асқар таудай жолдасым Жакежан,алтындай екі құлыншақтарым Малика мен Айданам бар,қос аналарым Мақаш пен Фарида отыр арамызда,Аллаға шүкір, туысқандарым баршылық,өсіп-өнген үлкен,елге сыйлы әулеттенмін,ел-жұртымыз тыныш,жұмысымыз бар,біреуден ілгері,біреуден кеш өмір сүріп жатырмыз.
Бірақ…
1.Ғылыми еңбек жазғым келген еді. Институтта оқып жүргенде ғылыми-зерттеумен айналысқанмын,сол еңбектерім текке қалды,ауылда тұрып,сиыр сауып,огород салып кеткен жылдары.
2.Мектепте өлең,әңгіме жазушы едім,ол да жайына қалды.Тіл жетпейді,бір құнды нәрсе жазуға
3. Арманым ағылшын тілін үйреніп,дүние жүзін аралау еді…бастауыш сыныптамын екеуінен де))
4.Бәрінен бұрын: өз орнымды әлі де таппаған адам сияқтымын.Сауда қызметкері,есепші,дизайнер,маркетолог,логист,менеджер болдым, мекемені 7 жыл басқардым. Потенциал бар,ал көңілге қонымды жұмысым жоқ.Кафе жәй,күн көріс қой.Ол жердегі жұмысты жақсылап ұйымдастырып,тексеріп қана отыруға болады.
Бұл өкініш те уайым да емес,жәй айғақ…Қазіргі өмірім де жаман емес,Аллаға шүкір,бірақ адам әрқашан да сүріп жатқан өмірінен жақсырақ өмір сүргісі келеді…Бұл табиғат заңы.Менің де арман-мақсаттарым баршылық.Лайым,барлығы орындалсыншы деп тілеймін.

Бүгін менің туған күнім. Үйде гүл.
Он сегізім оралғандай бейне бір.
Албыраймын алғаш ғашық болғандай,
Желіккенде қызықсың-ау, ей, көңіл.
Қарап қайтап шарайнаға қайтадан,
Қүйған шарап буына да шайқалам.
Күй күмбірі тербегенде еріксіз,
Жүрегім де бір нәзіктеу айтады ән.
Сырласым боп жұлдызым да, айым да,
Еске түсіп сүйенген кез қайыңға.
Өзім де бір ән бастаймын сызылтып
Қыз арманы, іңкәр сезім жайында.
Қызым жайлап миығынан күлді де,
Деді: – «Мама, папа әкелген гүл міне».
Көңіл – көктем, ән кернейді кеудені,
Күнтізбенің бетіндегі ай – Сүмбіле.

Ақұштап Бақтыгереева

Қараша 6, 2010 Posted by | Санатталмаған | 5 пікір

АЙГҮЛІМ


Бізді ата-аналарымыз ешқашан тұрмыс құруға итермелеген емес,қайта бетімізге тура айтпаса да,әңгімелерінде:Пәленшенің қызы 18 жасында тұрмысқа шығып кетіпті,қайда асығады екен?Ерте шығып,айырылысып кетіпті деп,өздерінің фольклорлық тәрбиелерімен,ерте үйленуге қарсылықтарын білдіріп отыратын. Үлкен апайларым,біреуі 28де,екіншісі мен үшіншісі 23те,мен 24-те тұрмыс құрдым. Бірақ кенже сіңлім Айгүл,рекорд жасап,35 жасқа дейін бойдақ жүрді.Алматыда жұмыс істеді,кезекті демалысында ауылға,ата-анама келіп жатады,ешқайда бармайды,ешкіммен араласпайды. Туыстармен ғана. Неге олай екенін де білетін сияқтымын. Бір жігітті жақсы көріп,үйленеміз деп жүргенде,шешесі ұйғыр екен,қарсы болып….
Қазақта бір сөз бар ғой, «сағың сынбасын» деген.Мектепте,институтта оқып жүргенде, бір мақсат,армандарға ұмтыламыз,тек соларға жету жолындағы қиыншылықтарға төзетін де, төзе алмайтын да адам болады. Кішкентайынан ерке,айтқаны бірден орындалатын,қиыншылық көрмеген сіңлімнің ,сол оқиғадан кейін,шынымен сағы сынды деп ойлаймын. Сондықтан марқұм Берікке тұрмысқа шығамын дегенде,қуанбаған адам жоқ шығар.Екеуі керемет жақсы тұрды,бірақ,Алланың жазғаны сол болып,күйеубаламыз анадүниелік болды.
Сезгендей,жаздың бір ыстық түнінде ұйқым шайдай ашылды,20 минуттай түргеліп жүріп,кондиционерді өшіріп,балалардың көрпесін жауып біраз жүрдім де,енді жатқалы жатыр едім,телефон «шыр»етті.Айгүл екен. «Бахытгүл,Жәкежан,тез келіңдерші. Берік қайтыс болды» деп,жылап жіберді.Ұйықтап жатып,жүрегі тоқтап қалыпты.Кегендік жігіт еді,денесін сол жаққа апарып қойды. Жылын бергеннен кейін,бүкіл туысқандары жиылып,шәй беріп,»бағың ашылсын» деп,басына ақ орамал байлап,шығарып салыпты.
Енді міне,Айкө тағы жалғыз.Неке агентствосын қайтейін,өзімнің сүйікті сіңлім жалғыз жүргенде…Сыңары жүр ғой,Қазақстанның бір түкпірінде…Алла болысып,бір бақытын тапса ғой…
P.S.Ол туралы,»Неге 6 июль» деген мақалада жазған едім….

Қараша 1, 2010 Posted by | Санатталмаған | 5 пікір

Жастық шақтан бір елес

Жақында барлық құжаттарды реттеудің сәті түсті.Үлкен пластмасса жәшікте жататын : ескі суреттер,докуметтер,менің өлеңдерім мен мақалаларым басылған газет қиындылары,алтын медалім, мектепте алған грамоталар,жеңіл атлетикадан алған дипломдар,студенттік кездегі жазбалар…Солардың ішінен күнделігімді тауып алдым. Оқып отырып,бір жерінде күлдім,бір жерінде көзіме жас та келді.Қайран сол кездер-ай!Елес болған. Өзімше ақылды болуға тырысыппын-ақ,бірақ бар істеген істерім шала,ойларым шолақ,түсіністерім қате көрініп тұрды.Өзімнен үлкен дос қызым болған,Зоя деген,көбіне соның айтқанымен жүріппін.1,2 құрбымды жақсылап ренжітіппін де,Зояны қолдаймын деп.Қандай жақсы жігіттерге қарамаппын.Ол енді құдайдың қалауы ғой. Бірақ…институт бітірер жылы,маған біраз жігіттер сөз айтты,жәйдан жәй емес әрине. 4 жыл бойы бәріміз 1 топ дос болып жүрдік те,4 курста жаппай жұпқа бөліне бастадық.Менің (қате,әрине) принциптарым болды: оқу бітіріп,жұмыс істеп жүріп тұрмысқа шығу.Ерте шықпау,ал мен институтты 19 жасымда бітірдім.Оңтүстік жаққа бармау.Қайдан?Барлық достарым Шымкент,Жамбыл,Алматы жақтан болды. Қандай балалық!
Қ. деген бала есіме түсті. Керемет ұнаушы еді.Сөз айтты. Мен Өскемендегі апайыма звондап,тұрмысқа шықсам қайтеді,түркістандық жігіт деп едім. Ойбай,ол жақ солай да бұлай екен,сен шыдамайсың,менталитет басқа деп,қайырып тастады.Бәрібір сол балаға шынымды айтпай,1 жылдан кейін көрейік деп,алдап кеттім.Хат жазбай қойдым, болды.
Қызық болғанда ол қызмет бабымен Өскеменде 2 жылдай жұмыс істепті,осыдан 3 жыл бұрын бір ДТПда кездесіп қалдық,байқаусызда.Бір-бірімізді танымадық,тек менің жүргізушім,Бахытгуль Есимхановна,деп аты-жөнімді айта бастағанда ғана,ол жақындап келіп, мен Қ.мын деді.Жалғыз қызы бар екен,оның да аты Малика екен.Жолдасы ғылым жолында екен.Кейін ерулікке жанұясымен шақырдым,2-3 рет,біресе өзі,біресе әйелі қызметтен шыға алмады. Олар бос болғанда Жәкең бос болмай,2 айдан кейін қызметі өзгеріп,көшіп кетті.
Диплом аларда да бір келеңсіз оқиға болған еді. Арамыздағы дос қызымызды біреулер зорлап кеткен.Сол жайлы көп жазыппын.Бірақ,Аллаға шүкір,қазір ұлы,қызы бар,өз жігітімен тұрмыс құрды.
Сөйтіп,жастық шақпен бір жүздесіп қалдым…Басында күнделікті лақтыра салайын ба деп отырдым да… қойш,жата берсінші деп,жәшіктің ең түбіне қайтадан салып қойдым.Жазса бір кітап болатын,қызықты,шым-шытырман оқиғалар. Мүмкін пенсияға шыққанда ,кітап жазармын…..)))))

Қазан 23, 2010 Posted by | Санатталмаған | 8 пікір

Қыздарға

Жаз.Сұлулық салонында отырмыз.Мен 4 сағаттай уақытқа келгендіктен,кітап ала келгенмін. Бірақ оқуға мастер қыздардың бір дос қызының сауысқанша саңқылдағаны кедергі бола берді.Кітаптың енді қызық жерін оқиын десем,жаңағы Сауле деген қыздың сөздері еріксіз басымды бұрғыза берді.Түсінгенім:ол бүгін бір ұнататын жігітпен кешкі сағат 18-де кездесуге бармақшы екен. Соған 2 күн бойы дайындалуда екен. Шашын қиғызып,мелирование,аяқ-қолына маникюр,педикюр жасатыпты. Ал қазір бетін тазалап,макияж жасамақ көрінеді. Бірақ айтатыны:оған ғашық қыздар көп,менің мына жасаған прическам онша емес,биік каблукпен жүре алмаймын,жайдақ табан кисем,одан бойым көп кішкене болып қалады. Тыңдасаң 1000 кедергі… Шыдамадым ақыры.Сауле,-дедім,-сен кездескелі жатқан балаға бәрібір ұнамайсың.Ол сенің 2 күн дайындалып,шаршағаныңды байқамайды да….
Мастер қыздар таң қалып,істеп жатқан істерін қойып,маған бадырайып қарап қалыпты.»Неге,ол сондай әдемі ғой»,-деді менің шашымды бояған мастер. «Ол өзіне-өзі сенбейді,өзінің бағасын білмейді,неге жігіт сондай қызды жоғары бағалауы керек? Меніңше,ол осы кездесуден кейін шақырмайды,қара да тұр»,-дедім.Сауле қыз қып-қызыл болып кетті,мен де сол сәтте қатты кеткенімді түсініп,өзіме іштей ұрса бастадым.Ұялған тек тұрмас деп:
– Үйретейін бе,саған қандай болу керектігін дедім.
-Иә,апай,иә…
-Қарашы сен қандай әдемі қызсың,көзің мөлдіреп тұр. Фигураң да әдемі.Киімді де талғаммен киеді екенсің.Менің де сендей қызым бар.Оқисың ба,жұмыс істейсің бе?
-Педколледжден кейін,балабақшада тәрбиешімін. Сырттай оқимын.
-Міне,көрдің бе,сен қандай жақсы қызсың. Оқуыңның ақысын төлеп,ата-анаңа көмектесіп жатырсың. Орыста мақал бар: өзіңді жақсы көрмесең,сені ешкім де жақсы көрмейді деген.Ең біріншіден,Сауле,өзіңе сенімді бол,басыңды төмен түсірме,тек жақсылық туралы ойла,сонда барлық армандарың орындалады.Сүйгеніңнің сүйіктісі боласың.
Айттым да,косметологқа кіретін уақытым келіп қалып, басқа бөлмеге шығып кеттім.Ішімнен,осы менің не шаруам бар еді,ылғи сөзге араласамын да жүремін деп
өзіме ұрсып та қоямын.Процедура бітіп,залға шықсам,мастер қыздар айтты: рахмет,апай. Сауле кездесуге мүлдем басқа күйде кетті. Сіз болмасаңыз,ол текке барар еді деді.

Кеше жәй маникюр жасатайын деп сұлулық салонына кіре салған едім,қыздар ақырғы жаңалықтарды айтып жатыр. Саулені жігіті ата-анасымен таныстырыпты.
Ееее,дедім…….

Қазан 15, 2010 Posted by | Санатталмаған | 4 пікір

КІМ КІНӘЛІ?

Әр адамның өмірінде өте жауапты кезеңдер болады ғой,меніңше мамандық таңдау мен жар таңдау соның ең маңыздысы. Былтыр бір достарымыздың қызын отыз күн ойын,қырық күн тойын жасап шығарып салған едік,бүгін үлкен ұрыс-керіспен қайтып келіпті.Құрбым телефон соғып,қайта-қайта шақырған соң, барған едім,көңілім құлазып қайттым үйге. Өзім де қыз өсіріп отырған соң,жүрегім қас жарылды. Менің қыздарымды қандай өмір күтіп тұр,белгісіз,уақыт болса өтіп жатыр, бізді де бір межеге жақындатып.
Айжан құрбымды тыңдап отырып,оның қателерін іштей санап отырдым.
Біріншісі,қызына тек ауқатты жігіт таңда дегені.Мүмкін біреулерге асқан байлық жағатын шығар,дәл Жәкең екеумізге тек өзіміздің терімізбен тапқан табыс ғана жағады.Дәл біз ауылға келгенде жас мамандарға үй берілмейтін болып,тіпті бірінші үйімізді де өзіміз алған едік.Сол алған стартпен келеміз ғой,тоқтамай:)))Әйтеуір көштен қалмадық. Мен қыздарыма ешқашан,тек бай жігіт таңда деп көрген емеспін. Ақылды,парасатты,өзіне сенімді,қыздарымды сыйлап,сүйетін адам кезіктірсе -содан асқан бақыт бар ма?Ал құдалармен сыйластықтың өзі бір ғанибет қой….
Екіншісі,қызына тоқтау айтпағаны. Шыда деген бір сөзі ғой.
Үшіншісі,тек ғана күйеубаланы жазықты қылып,өз қызына шаң жуытпай отырғаны.Осындай ұрсыс-керісте,екі жақ та кінәлі екенін түсінбегендігі.Ол да біреудің жалғызы және ерке тоты:»Сен кетсең, басқасын аламын,қайта бер» деген ғой. Ашуланғанда кім не демейді,жастықтың максимализмі ғой. Сол сөздерге жеткізбей-ақ қою керек еді ,қасарыспай(((((
Төртінші,сабыр сақтап,дөңгелек стол басында бар жағдайды шешпей,түн ортасында құдаларға телефон шалып,көрместей болып ренжіскені….
Өз басыңның проблемасы болмағасын ,сараптама жасау оңай шығар,бірақ бұл: келінім саған айтам,қызым сен тыңданың кебін кигенмен бірдей болды. Айжанның өз шындығы өзінде болып отырғасын, бұл жазғандарымды айтпадым. Мүмкін кейін, біраз уақыт өткен соң болмаса. «Уақыт өтсін,қоя тұр, бірақ құдаларыңнан кешірім сұра,Рамазан айы,Ораза ғой» деп едім, ренжи бастады: «Олар сұрасын,қызымды ұлдары ренжітті «деп. Қызына айтып қояды,әлі одан да байын табамыз,одан арман кетсін деп(
Туууй,саған дауа жоқ екен деп қайттым үйге.Айдана ауырыңқырап тұр еді,жатып қалыпты мен келгенше. Қайран уақытым қор болған(((

Қыркүйек 8, 2010 Posted by | Санатталмаған | 11 пікір

УАҚЫТТЫҢ ТЕЗ ӨТКЕНІ-АЙ….

Кеше қызым екеуміздің арамызда бір терең әңгіме болды…Жүректің бір пернелерін қозғап кетті ме,ойларымды қағазға түсіре салғым келді.
Ақырғы кездері қыздарыммен сөйлесуге де уақытым бір болмады,жұмыс,жұмыс деп.Ана болған соң,бала жанын түсіне біліп,қажет кезде көмекке келу керек,ашық сөйлесіп,қандай да сұрағы болса жауап беріп,ақыл айту керек.Қызға қырық жерден тиым деген дана халық, ,бірақ «негізгі мұны істеуге болмайды» деген анадан болуы керек деп ойлаймын. Маликаның біртүрлі болып жүргенін байқап қалып,не болды екен деп ойлап ,бірақ өзінің айтпауына қарап әлі піспеген тақырып екенін сезіп,үндемедім.Әңгімені өзі бастады.»Мама,саған бір сайттардың сілтемесін беремін,оқышы,сосын әңгімелесеміз» деді.
Бергені дін,ислам,Құран туралы сайттар екен. Бәрін бір сәтте оқу мүмкін бе? Біразын оқыдым,білмейтінім көп екенін білдім…ойланып қалдым.
Еее,қызымның жүрген ортасында намаз оқып,мұсылман болып жүрген адам жоқ,не де болса осы ғаламтордан келген нәрсе екенін түсіндім.Иманды,инабатты,тәртіпті болғаны маған да жақсы, бірақ Исламда қыздарға деген қаталдық та көп қой. Хиджаб кию,ерінің айтқанынан шықпау( біз енді керек кезде әдемілеп тұрып ұрсысып аламыз ғой :))))… ең жаманы көп әйелдің біреуі болған ғой.
Мини киіп,ойындағысын бүкпей сөйлеп,ашық көйлекпен билеп өскен қызға Исламды таңдаған қалай болады екен?Бірақ,»жaқсының жаттығы жоқ» деген де бар.
Ойларыңды білейін деп едім….

Шілде 16, 2010 Posted by | жанұя, өмір | 11 пікір